Мектеп басшылығы қылмысты жасырып, қызға мәжбүрлі түрде түсік жасатыпты
Жамбыл облысында білім бөлімінің басшылары 12 жастағы оқушының жүктілігін бір жыл бойы жасырып келген. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Мектеп әкімшілігі Жаңатас қаласындағы жағдайды жасыру үшін қыздың анасына ескертпей, оған түсік жасатқан. Қазір 7-сыныптағы жасөспірімге азғындық жасады деген күдікпен аудандық мәслихат депутатының күйеуі қамауға алынды. Полиция қылмысты дер кезінде хабарламаған білім саласының қызметкерлеріне қатысты іс қозғады.
55 жастағы ер адам 12 жасар қызды ұзақ уақыт бойы жыныстық қатынасқа тартқан. Телефон сыйлап, алдап, оқушыға ойына келгенін істеген көрінеді. Ақыры ол жүкті болып қалып, анасына бар шындықты айтуға бел буған. Қалтасы қалың күдікті қызды қорқытып, ешкімге айтпауын талап еткен.
Керек жоқ, оның байланысы мықты, әйелі депутат, балабақшада меңгеруші болып істейді деп жылады. Маған қызым жүкті екенін тек жаңа жылдың қарсаңында айтты. Жүктілік мерзімі – шамамен 6 айлық, – деді анасы Мәриям Смадиярова.
Жалғызбасты әйел қызының жүктілігін мектеп басшылары да жасыруға тырысқанын айтады. Қыз мектеп-интернатта жатып оқыған. Жүктіліктің 6 айлығында оқушыны мектеп қызметкерлері Жаңатастан Қаратау қаласына алып кеткен.
Маған түсік жасататынын айтқан жоқ. Олар түсіктен бұрын толғақ шақыратын дәрі берген. Мен білмедім. Тек түнде қызымның түсік жасатқызғаны туралы хат жазып жіберіпті. Сүті тарауы үшін омырауын шарфпен буып, үйге әкеліп тастады, - дейді қыздың анасы.
Бірақ бұл түсік ешқандай құзырлы органда тіркелмеген. Жасырын түсік жасатудың жолын тапқандар жеке гинеколог жалдаған екен. Білім бөлімінің басшысы күдіктінің балабақшада күзетші болып істегенін айтады.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан ешнәрсе айта алмаймын. Оқиға болғаны рас. «Айгөйлек» мемлекеттік балабақшасында күзетші болып жұмыс істеген. Қазір полиция департаменті бұл айтылғандардың тергеумен дәлелденгенін жеткізді. 7-сыныптағы жеткіншекке азғындық жасаған күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ осы іске қатысы бар білім бөлімі қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған, – деді Сарысу ауданы білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов.
Айыпталушының кінәсі дәлелденіп, қамаққа алынды. Іс сотқа жіберілді. Сондай-ақ мектеп басшылығына қатысты ҚР ҚК-нің 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша іс тіркелген.
«Тергеу барысында жыныстық қатынас салдарынан қыздың 2022 жылы жүкті болғаны анықталды. Алайда жүктілік дерегін мектеп басшылығы жасырған. Тиісті органдарға хабарлаусыз түсік жасалған», – деп мәлімдеді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.