Шымкентте таксист клиенттерін 1,5 млн теңгеге алдаған

Динара Амантай

Ол алаяқтық жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталды

Фото: Halyq Uni

Шымкент қаласының тұрғыны такси жүргізушісі ретінде азаматтарды мекенжайларына жеткізу кезінде сөзге тарта отырып, пәтер алуға көмектесемін деп сендірген. Алаяқтың сөзіне сенген қарапайым адамдар оның өз қызметі үшін сұраған 100-500 мың аралығындағы қаражатты берген. Осылайша жалпы жеті азаматты алдаған алаяқ 1 млн 585 мың теңге көлемінде шығын келтірген.

Аталмыш жағдай бойынша полицияға арызданған тұрғындардың барлығының шағымдары бір мазмұнды болғандықтан, бір іске біріктіріліп, «алаяқтық» бабымен тіркелген.

Жедел-іздестіру жұмыстары барысында жәбірленушілерден жауап алынып, олардың ақша аударымдары тексерілді. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, тұрғылықты мекенжайы бойынша ұсталды.

Тергеу барысында азамат өз кінәсін толығымен мойындап, келтірген шығынды қайтарып берген. Алайда азаматтың іс-әрекетінде алаяқтық бойынша қылмыстық құрам болғандықтан, іс айыптау актісімен сотқа өткен.

Сот шешімімен ер адам ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушлық жасағаны үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.