Жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді
Қостанай облысының прокуратурасы қайтыс болған борышкерлер мен өндіріп алушыларға қатысты атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушылардың шара қолданбау фактілерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, егер құқықтық қарым-қатынастар мұрагерлікке жол берсе, сот орындаушысы өндіріп алушы қайтыс болған жағдайда бір жұмыс күні ішінде атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті (42-бап 1-тармақша). Бұл жағдайда өндіріп алушының құқықтық мирасқоры анықталғанға дейін атқарушылық іс жүргізу тоқтатыла тұрады.
Егер өндіріп алушы немесе борышкер болған азамат қайтыс болғаннан кейін шешімде белгіленген талаптар немесе міндеттер қайтыс болған адамның құқықтық мирасқорына ауыса алмаса, онда атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады», – делінген прокуратура хабарламасында.
Талдау барысында прокуратура мына мәселелерді анықтады:
Заңды сақтамау салдарынан қайтыс болған 390-нан астам азамат борышкер болып қала берген.
Осы факт бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Қадағалау актісі қаралып жатыр.