Таразда жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Сотқа дейінгі тергеу басталды
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Жамбыл облысының полицейлері жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен жүргізушіні анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәлметінше, 19 қарашада сағат 23:25-те Тараз қаласының Төле би көшесінде белгісіз көліктің жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде отырған 38 жастағы жаяу жүргіншіні қағып, жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен. Жаяу жүргінші жол-көлік оқиғасы салдарынан алған дене жарақатынан сол жерде қайтыс болды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігімен («Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы») сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген хабарламада.
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде бейнебақылау камераларының көмегімен жедел-іздестіру жүргізу нәтижесінде полиция қызметкерлері Toyota Alphard автокөлігінің иесі – Жамбыл ауданының 32 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Жүргізушінің қатысуымен тергеу әрекеттері, соның ішінде тергеу іс-тәжірибесі жүргізіліп жатыр. Себебі соққы тұман жағдайында жасалған. Сараптамадан кейін оны қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шаралар қабылданады, – деді ПД бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.