Қызылорда – Жезқазған жолын жөндеуге бөлінген 90 млрд теңге жетпей қалған
Ұлытау облысының әкімі жобаның қымбаттап кеткенін айтты
Қызылорда – Жезқазған тас жолын жөндеуге бөлінген 90 млрд теңге жетпей қалды. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде шешімін таппаған мәселенің бірі – жол.
«Қызылорда мен Жезқазған арасындағы жол. Қызылорда жағы жолды аяқтап жатыр. Бірақ биыл Жезқазған бөлігінда бағаның көтірілуіне байланысты жұмыс тоқтатылды. Себебі, 90 млрд теңге жетпейтін болды. Қазір Үкімет Азия даму банкімен бірігіп, 145 млрд теңгеге көбейтті. Ендігі жылға соның 50 млрд теңгесі бөлініп, конкурс өтіп жатыр. (Конкурсты) Азия даму банкі желтоқсанда аяқтауы керек. 2024 жылы 8 учаскеде жол жөндеу жұмыстары басталады», - деді облыс әкімі ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Берік Әбдіғалиұлы Қарағанды – Жезқазған жолын жөндеу бойынша биыл конкурс ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.
«Ендігі жылға 20 млрд теңге қарастырылған. Арқалық пен Ұлытаудың арасы 200 шақырым жолда (асфальт) жоқ. Биыл соның 13 шақырымы «ҚазАвтоЖол» компаниясының қолдауымен жөнделді. 2024 жылы тағы 37 шақырым жолды, жалпы 40 шақырым жолға асфальт төсейміз. Онда мүлдем асфальт жоқ. Бұл ертең Арқалық пен Жезқазған қалаларының дамуына септігін тигізеді. Облыста жалпы 172 шақырым жол жөнделді», - деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.