Жедел уәкілдер оның қаруын туыстарының бірінен тәркіледі
Шығыс Қазақстан облысында ҰҚҚКБ қызметкерлері облыс орталығы тұрғынының қылмыстық әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Профилактикалық іс-шаралар өткізу барысында ШҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері 21 жастағы азаматтан 100 мың теңге көлемінде ақша бопсалау фактісін анықтаған. Хабарлама келіп түскеннен кейін полицейлер дереу тексеруге кірісті. Барлық жедел-іздестіру іс-шара кешенін өткізгеннен кейін, ақшаны алу кезінде Назарбаев даңғылындағы аулалардың бірінде қылмыс жасаған 20 жастағы күдікті ұсталды.
Оқиға орнында тәртіп сақшылары оның заңсыз әрекетін растайтын заттай айғақ – ақшаны тәркіледі. Бопсалаушы жәбірленушімен бірнеше рет кездесіп, күш көрсетіп, тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, ақшаны аударуын талап еткен және оның жеке куәлігін алып кеткені белгілі болды. Кейін жедел уәкілдер қаруды қаскөйдің туыстарының бірінен тәркіледі.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осы баптың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – делінген хабарламада.