Әлихан Смайылов теміржол жүк тасымалындағы кедергілерді жоюды тапсырды

Динара Амантай

Жүк тасымалдау көлемін жыл соңына дейін 300 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, биылғы 10 айда жүк тасымалдау көлемі 246 млн тонна болды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3% артық. Жыл соңына дейін 300 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын, 1 мың 300 шақырымнан астам теміржол салу жоспарланған. Атап айтқанда, бұл – Достық-Мойынты, Бақты-Аягөз, Дарбаза-Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолы.

Сонымен қатар қолданыстағы теміржолдарды жөндеу, жаңа локомотивтер мен вагондар сатып алу, стансалар мен вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Премьер-министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның отандық тауар өндірушілер тарапынан келіп түскен барлық шағымдарды жедел талдап, Көлік министрлігімен бірлесе отырып, жүк тасымалы кезіндегі кедергілерді жою жөніндегі пәрменді шаралар әзірлеу қажеттігін атап өтті.