Алматыда аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді (ВИДЕО)
Жалпы 208 келі түрлі есірткі тәркіленді
Биыл қарашада ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері өңірдегі әріптестерімен бірлесіп, есірткі қылмысына қатысы бар күдіктілерді ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Полицейлер аса ірі көлемде есірткіні тәркілеп, синтетикалық есірткі өндіретін 2 зертхананы жойды.
Жедел қызметкерлер Алматы қаласында Жамбыл облысының екі тұрғынын ұстады. Олардың көлігінен 152 келі гашиш табылып, тәркіленді.
Алматы қаласының полициясы 24 жастағы қала тұрғынын ұстады. Оның көлігінен жасырып сатуға дайындалған 1,2 келі мефедрон табылды.
Семейлік полицейлер интернет-дүкеннің есірткі жасырушысы болып жұмыс істейтін Павлодар облысының 2 тұрғынын ұстады. Олардан бір келі а-PVP психотропты заты тәркіленді.
Есірткі зертханасын ашқаны үшін алматылық құрықталды. Оның жалдамалы пәтерін тінту барысында есірткі жасау үшін пайдаланылатын жабдықтар, 2 шыны колба, канистр және 1,5 келі мефедрон есірткісі тәркіленді.
16 қарашада Алматы облысының Ұзынағаш кентінде полиция қызметкерлері есірткі зертханасын ашқаны үшін 2 алматылықты ұстады. Үйдің аумағында орналасқан контейнерді тінту барысында 3 тоннадан аса прекурсор, электронды таразылар, реактор, шыны колбалар және 30 келі мефедрон синтетикалық есірткісі тәркіленді.
Биыл қарашадан бастап ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 208 келі түрлі есірткіні тәркіледі, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.