Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қылмыстық топтың құрамында ойын бизнесі саласында қылмыс жасады деген күдікті Германиядан экстрадицияланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Интерполдың көмегімен Германия Федеративтік Республикасынан «OLIMP.KZ букмекерлік кеңсенің» қызметіне байланысты қылмыстық топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанның азаматын экстрадициялады.
Ол 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында заңсыз құмар ойындарды өткізуге, салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтаруға, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысты жеген күдікке ілнді. Аталған құқыққа қайшы әрекеттің салдарынан мемлекетке 86,7 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді. Осыған байланысты оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және оған халықаралық іздестіру жарияланды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Биыл мамырда ол Германия аумағында ұсталды. Қазір күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамаққа алынды. Айып тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеу, 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Іздеуде жүрген адамды экстрадициялау германдық құзыретті органдармен тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.
Бұдан басқа, Германиямен ұстап беру туралы шарттың болмауына қарамастан, биыл осы елден Қазақстанға адам өлтіру және есірткі саудасы бойынша күдікті тағы 2 адам экстрадицияланды. Өз кезегінде, Германия тарапына қорқытып алу және зорлау қылмыстарын жасағаны үшін іздеуде жүрген 2 адам ұстап берілді.