×

Атырауда өрт салдарынан 81 жастағы кейуана жансақтау бөліміне түсті

Өртті ТЖД-ның 20 қызметкері сөндірді

 Динара Амантай 18.11.2023 | 10:02
Фото: Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы

Атырауда өрт салдарынан 81 жастағы кейуана жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше сағат 15:10-да Атырау қаласы, Байтақ ықшам ауданында орналасқан 2 қабатты жеке тұрғын үйлердің бірінде түтін шыққаны туралы шақырту түскен.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу шақырту орнына жетіп, жалпы ауданы 15х12 болатын екі қабатты тұрғын үйдің жанып жатқанын анықтады. Өрт сөндіру кезекшілік қызметінің жедел кезекшісі азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Жұмабиденұлы Қатапов кезекшіліктен тыс уақытта өрт шыққан үйдің маңынан өтіп бара жатып, өртті байқап, дереу өрт шарпыған үйге кірген. Ол өрт ошағында қалған 81 жастағы қарт әжені көтеріп, далаға қауіпсіз жерге шығарып, жедел-жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.

81 жастағы қария өрт салдарынан 3-дәрежелі күйік алғандығы анықталды. Қазір ол жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлердің бақылауында, – делінген ТЖД хабарламасында.

Атырау облысы ТЖД 20 қызметкері мен 4 техникасы оқиға орнында өртті сөндіруге жұмылдырылды. Өрт сағат 15:34-те оқшауланып, 16:29-да толықтай жойылды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама