×

Таразда көпқабатты жаңа үйдің тұрғындары әжетін далада өтеп жүр

450 млн теңгеге салынған үйдің ауласында сиырлар жүр

 Ұлдана Жұбай 19.05.2022 | 17:38
фото: Halyq Uni

«Ұлы дала» шағын ауданының тұрғындары 60 пәтерлі үйді осыдан екі жыл бұрын несиеге алған. Бірақ құрылысы екі жыл бойы бітпей, ұзаққа созылған. Тұрғын үйдің қазығы қағылмай, іргесі қаланбай жатып тұрғындар пәтерін брондап қойған. Ал, әкімдік үйдің құрылысы бітпей жатып пәтерлерді сатып жіберген.

Тұрғындардың басым бөлігі құрылысы екі жылға созылған №18 үйге қоныстану үшін құжатын осыдан 2 ай бұрын қолына алған. Құрылысы толық аяқталмаған үйдің тұрғындары енді жуынарға су, тұтынуға жарық таппай отыр.

Бұл жер «Ұлы дала» емес, «Ұлы айдала» болды. 60 пәтерге арналған дәретханамыз далада. Іште су жоқ. Масқара ғой. Жаңа үйімізге кіреміз деп қуандық. Осы үйді екі жыл күттік. Үйдің кілті қолымызға әзер тигенде мынадай жағдай болып тұр. Газды айтпағанда, жарығы мен суы да жоқ. Жаңа үй деп айтуға аузымыз бармайды, - дейді қала тұрғыны.

Жағдай жасалмаған жаңа үйдегі тұрғындар әжетін далада өтеп жүр. Олар бұл үйді қабылдап алған әкімдікті кінәлап, тез арада жағдайды реттеуді талап етті.

«Құрылыс бөлімі қабылдап алды ғой. Көзі көрмей ме? Үй деп айтуға келмейді. Ауылға көшіп келгендейміз. Қазір ауылдардың жағдайы бізден жақсы. Тұру мүмкін емес. Осыдан бір апта бұрын айқайлап жүріп салқын су кіргіздік. Оны ашсақ, крандардан су атқылап жатыр. Енді бәріміз басқа жерде пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Пәтер ақысына бір, үйдің ипотекасына бір төлейміз. Айлығымыз 60 мың теңге. Мында көшіп келгендердің көбі көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар», - дейді Әйгерім Сейілханова есімді тұрғын.

Әкімдік үй құрылысының тым ұзаққа созылып кеткенін мойындап отыр. Олар пандемия кезінде кедергілер болғанын айтып, құрылыс жүргізетін жұмысшылардың болмағанын меңзеді.

«Біз де адам баласымыз ғой. Қателесеміз. 2021 жылдың желтоқсан айында қабылдадық. «ЖилстройСберБанк» бізге өтініш бермеген, енді тұрғындар су берумізді сұрап шулап жатыр. Олар бізге уақытында айтпаған, оны біз де естімей қалғанбыз. Мердігермен ұйымдастырып, кемшілктерді қалпына келтіреміз», - деді Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаев.

450 млн теңгеге салынған үйдің ауласында балалардан бөлек, өрістен қайтқан сиырлар да жүр. Үйге газ қосылмаған, тұрғындар суды сырттан тасып ішеді. Әкімдік өкілі мәселе бір аптада шешілетінін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама