Екібастұзда адам өлтіргені үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген шетелдік ұсталды
Ол қылмысын Ресейде жасаған
Екібастұзда мемлекетаралық іздеуде жүрген шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 15 қарашада рейдтік іс-шара барысында құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін іске асырғаны үшін Тәжікстан Республикасының 3 азаматы ұсталды. Аталған азаматтар жеке басын анықтау үшін көші-қон қызметі бөліміне жеткізілді.
Деректер базасы бойынша тексеру кезінде 3 шетелдіктің Қазақстанға жеке мақсатпен келгені анықталды. Сондай-ақ 22 жастағы шетелдікке биылғы шілдеде Ресей Федерациясы ІІМ-нің кісі өлтіргені үшін Челябинск қаласы бойынша мемлекетаралық іздеу жариялағаны анықталды. Ұсталғаны туралы іздестіру бастамашыларына хабарланды, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ екі шетелдікке қатысты көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ӘҚБтК 5-бөлігінің 517-бабы («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.