ШҚО-да дәрігерлер 600 мың теңге жалақы алады – ДСМ
Елімізде медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 500 мың теңгеден асады
Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлердің жалақысы республикалық деңгейден жоғары. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник айтты, деп хабарлады Altaynews.kz.
Министрдің орынбасары өңірге іссапармен келіп, тұрғындармен кездесті.
Президент «Ұлт денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы» екенін ұдайы айтып келеді. Сондықтан мемлекет басшысы Қазақстандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сапасын арттыру, олардың халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді. Қазір дәрігерлердің орташа жалақысы республика бойынша 580 мың теңге болса, Шығыс Қазақстанда 600 мың теңгеден жоғары, - деді Вячеслав Дудник.
Сондай-ақ кездесуде министрдің орынбасары тұрғындардың сұрағына жауап берді.
Айта кетейік, биыл республикалық бюджеттен облыста медициналық қызметтерді қаржыландыруға 85 млрд 785 млн теңге, медициналық техникамен қамтуға 2 млрд 719 млн теңге, дәрі-дәрмекпен қамтуға 15 млрд теңге, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында денсаулық сақтау нысандарын салу мен күрделі жөндеуге 2 млрд 992 млн теңге қарастырылған. Жалпы салаға 106 млрд теңге бөлінген.