Әкімдік Қайрат Рысқұлбековті сомдаған бүлдіршіндерге қатысты видеоға жауап берді
Түркістан облысындағы мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген
Әлеуметтік желіде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандарының бірі Қайрат Рысқұлбековтың образын сомдаған балабақша тәрбиеленушілеріне қатысты видео тарады. Белгілі болғандай, бұл видео осыдан 3-4 жыл бұрын Түркістан облысындағы балабақшалардың бірінде түсірілген екен.
Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Рахымбек Жолаевтың айтуынша, сол кезде балабақша тәрбиешілері балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға тырысқан.
Мұндай қойылымдар мектепке дейінгі білім берудің типтік бағдарламасында қарастырылмаған. Оны қоюға да ұсыныс жасалмайды, - дейді басқарма басшысы.
Видео алғаш рет тарағаннан кейін облыстағы мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қазір балалардың қатысуымен ондай көріністер ұйымдастырылмайды екен.
Желтоқсан оқиғасының құрбандарының бірі - Қайрат Рысқұлбековтің ата-анасына жазған «Соңғы хаты» мен сот залында айтқан әйгілі «Ақтық сөзін» көпшілік жатқа соғады. Балабақша тәрбиеленушісі де «Атам десең, атыңдар!...» деп келетін өлең жолдарын оқиды.