×

Атырауда қызметтегі әрекетсіздігі үшін 4 полицей бас бостандығынан айырылды

Антикор қалалық полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты тергеуді аяқтады

 Айнұр Асылбекқызы 19.05.2022 | 17:09
көрнекі фото

Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері қызметтегі әрекетсіздік және қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру фактісі бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінді.

Атырау қалалық сотының судьясы Э. А. Окулова бүгін үкім шығарды:

  • З. Каиров және К. Абисатов төрт жылға бас бостандығынан айырылды;
  • А.Тарихов және И. Лукманов Рақымшылық жасау туралы заңының сәйкес 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленуші Д. танысы У-дың өзін ұрлап, зорлап, үйіне заңсыз кіргені туралы полицияға арыз түсірген. Алайда учаскелік полиция инспекторлары А. мен К. жәбірленуші Д.-ның арызын қарамай, оны жасырып, К. жалған хаттама толтырып, қылмысты ашуға ешқандай әрекет жасамай, жұмыстарын жеңілдету мақсатында қызметтік әрекетсіздік танытқан.    

Сонымен қатар, жедел уәкіл Т. және тергеуші Л. жәбірленуші Д. олардан көмек сұрап келгеніне қарамастан, оны ұрлап және зорлағаны бойынша қандай болса да шара қолданбай, өз жұмыстарын жеңілдетіп, соңғысын алдап, ауыр санаттағы екі қылмысты тіркеуді қасақана жасырған.

Нәтижесінде У. өзінің жазасыздығын сезініп, Д.-ның денсаулығына ауыр зиян келуіне - ауыр зардапқа әкелуіне жол берген.

Сотталушылардың кінәләрі жәбірленушінің, оның өкілінің, куәлердің айғақтарымен, сараптамалар қорытындыларымен, видеожазбалармен дәлелін тапқан.

Прокурор сотталушылар А. және К-ны өмір бойына, Т. және Л.-ны бес жыл мерзімге құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан және арнайы полиция атағынан айыра отырып, барлығына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраған.

Сотталушылар тағылған айыппен келіспей, өздерін ақтауды сұраған.

ҚК-нің 370-бабы 4-бөлігінің 1) тармағының санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

ҚК-нің 433-бабы 3-бөлігінің 1), 2) тармақтарының санкциясында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сот А. және К.-ның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде олардың асырауында жас балаларының болуы, сотталушы Л.-ның шынайы өкінуін таныды, сотталушы Т.-да жеңілдететін мән-жайлар анықталмаған. Сотталушылардың қабылдаған антты бұзуы жазаны ауырлататын жағдай деп танылды.

Сот үкімімен сотталушылар А. және К.-ға өмір бойына, Т. және Л. бес жылға құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, Л.-ға үш жыл, А., К., Т.-ға төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сотталушылар «полиция» арнайы шенінен айырылды.

Рақымшылық жасау туралы заңына сәйкес, Т. және Л.-ға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының мерзімі үштен бір бөлігіне, яғни Т-ға 1 жыл 4 айға, Л-ға 1 жылға қысқартылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама