×

Елорда колледжінде оқытушы студенттердің шашын тақырлап алып тастаған

Ол студенттермен дос болғанның еш айыбы жоқ деп санайды

 Еркеғали Болатұлы 19.05.2022 | 16:43
фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтанда колледж студенттері сабақ үстінде жаңа «шаш үлгісін» жасатқан. Есесіне солардың шашты тақырлау туралы бастамасын қолдаған тарих пәнінің мұғалімі Әділ Нұржанов жұмыстан кетіп жатыр.

Онымен шектелмеген студенттер оқытушыларын қайтару үшін петиция құрып, «Еуразия» телеарнасынан көмек сұраған. Өздері сол әрекеттерін «ұсақ тентектік» деп отыр. Айтуларынша, олар Отан қорғаушылар күні қарсаңында биыл әскерге шақырылғандарды осылайша қолдағысы келген. Ол бастамаға ата-аналары да қарсы болмапты.

Енді соған бола адамды жұмысынан айыру – нағыз әділетсіздік, - дейді колледж студенттері.

Олардың айтуынша, жұмысқа небәрі 1,5 ай бұрын келген жас оқытушының арқасында өздерінің үлгерімі мен сабаққа қатысуы жақсарған. Сондықтан «өз еркімен кеткен» оның жұмысын қайта жалғасытруы үшін шәкірттері петицияға 80 қол жинап алған.

«Студенттердің петиция құрғаны рас. Бірақ бұл педагогтың қалауы екенін түсіндірдік, оны күштеп алып қала алмаймыз. Барлығы екіжақты келісіммен болды. Студенттерді түсінемін. Мұғалім оларға дос сияқты болып кеткен шығар. Бірақ бұл ұстаз бен студенттің қарым-қатынасынан гөрі достыққа көбірек ұқсайды»,- дейді колледж директорының оқу-әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары Ләззат Ибраева.

Ал тарих пәнінің мұғалімі студенттермен дос болғанның еш айыбы жоқ деп санайды. Алайда ол челленджді сабақ үстінде жасау дұрыс шешім болмағанымен келіседі.

Өз еркіңмен арыз жазбасаң, сені бір баппен шығарамыз, жеке ісіңе кіргіземіз деп қорқытты. Бірақ менің кеткім келмейді. Студенттеріме оқуларын бітіртіп шығаратыныма уәде бердім. Балаларды жақсы көремін, - дейді Әділ Нұржанов.

Ол колледжден кету туралы өтініш жазғанына енді өкініп отыр. Ал студенттері әлі де қол жинауды жалғастырып әлек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама