×

Блокчейн мен цифрлық активтер: Қазақстанның блокчейн-технологиялар қауымдастығы студенттерге дәріс өткізді

Әлемде блокчейн технологиясы мен криптовалюталарға деген қызығушылық артып келеді

 Айнұр Шошаева 15.11.2023 | 18:52
Фото: Halyq Uni

Қазақстандық блокчейн-технологиялар және дата-орталықтар Қауымдастығы Maqsut Narikbayev University студенттеріне дәріс өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni

Қауымдастықтың бастамасымен студенттерге блокчейн технологиялары, цифрлық активтер және оларды құқықтық реттеу туралы дәріс оқылды.  

Қауымдастықтың блокчейн технологияларды кеңінен насихаттап жатқаны қуантады. Бұл дәріс студенттеріміз үшін пайдалы болады деп ойлаймыз. Жалпы бұл технологияларға қатысты түрлі пікір бар. Жасанды интеллект барлық саланы басып алады деген пікір бар. Алайда бүгінде блокчейн технологиялар хайп болуын қойып, әр салада қолданылатын жұмыс құралына айнала бастады. Қазақстан бұған жан жақты дайындықпен келді деп ойлаймын. Студенттеріміз лекцияны тыңдағанда ақпаратты салаға қатысы жоқ адамдардан емес, бұған кәсіби тұрғыдан келетін мамандардан алады, - деді Maqsut Narikbayev University университетінің ректоры Сергей Пен

Қазақстанның блокчейн-технологиялар қауымдастығының мәліметінше, бүкіл әлемде блокчейн технологиясы мен криптовалюталарға деген қызығушылық артып келеді. Қазақстанның жастары бұл үрдістен тыс қалып жатқан жоқ. Бүгінде Қазақстанда цифрлық активтерге ие азаматтардың саны 100 мыңнан асады.  

Блокчейн технологиялар барлық маңызды саланы түбегейлі өзгеріс әкелді деуге болады. Блокчейн сарапшылардың барлығы бірауыздан блокчейн технологиялар  көптеген процесстер мен сервистерді оңтайландырып, жеңілдететін құрал екенін және көптеген ортадағы делдалдарды жоятынын айтады. Сондай-ақ блокчейн артық комиссиялардан арылтып, құпия мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ете алады. Әрі ол орталықсыздандыруды қамтамасыз етеді. Жақын арада блокчейн көптеген жаңа мамандық пен жұмыс орнын ашатын болады. Мәселен, бүгінде блокчейн технологиялар бүкіл әлем бойынша, оның ішінде Қазақстанда цифрлық майнинг сияқты жаңа саланың ашылуына түрткі болды,- деді қауымдастықтың басқарма төрағасы Дәурен Қарашев

Оның айтуынша, қауымдастықтың мақсаты Қазақстанда блокчейн технологиялардың ілгерілетіп, оны дамытуға көмектесу. 

Бұл жаңа технология болғандықтан, барлық елдер оны қолданысқа енгізіп, реттеу тетігін қарастырып жатыр. Қазақстан бұл бағытта алдынғы қатардағы елдерге жатады. 2021 жылы цифрлық майнинг бойынша әлемдік рейтингте екінші орында болдық. Бүгінде өкінішке қарай ол тізімде жоқпыз, себебі саланы реформалап, саланы заңды түрде дамытқымыз келеді. Биыл тиісті заң қабылдадық. Ол цифрлық майнингтің ашықтығын қамтамасыз етеді. Осыған орай жақын шет елдерден сондай заңды әзірлеуге көмектесу үшін консалтингтік көмек көрсету туралы өтініш түсіп жатыр. Жалпы Қазақстанның экономиканың бұл түрінен көшбасшы болуға мүмкіндігі мол, - деді Дәурен Қарашев. 

Сонымен қатар Қазақстанның блокчейн-технологиялар қауымдастығы мен Maqsut Narikbayev University өзара достық қарым-қатынас орнату, сондай-ақ, Қазақстанда Web 3.0 және блокчейн индустриясын дамытуға өзара көмек және қолдау білдіру мақсатында меморандумға қол қойды. Бұған қоса, қауымдастық өз бастамасымен қазақ тіліне аударылған блокчейн, цифрлық майнинг туралы әлемдегі үздік төрт кітапты университеттің кітапханасына табыстады. 

2021 жылы елімізде кезекті халық санағы болды. Сол санақтың нәтижесіне сәйкес, ел халқының саны 19 млн жетті. Оның 80 пайызға жуығы қазақтар, яғни ақпаратты қазақ тілінде тұтынушылар. Қазақстанның блокчейн-технологиялар қауымдастығы пайдалы дәрістен бөлек, университет кітапханасына құнды қырық кітапты табыстап отыр. Қаржылық сауаттылық дегенде қазақ тілді тұтынушылар туралы да ойлауымыз керек. Өкінішке қарай қазақ тілді тұтынушыларға қаржы сауаты туралы кітап, оқулықтар өте аз. Сондықтан қауымдастықтың бізге табыстап отырған кітаптарын құнды сый деп қабылдаймыз, - деді Maqsut Narikbayev University басқарма басшысының орынбасары Айнұр Кәрібозова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама