Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Ақтауда шетелдік көлікті заңдастыруға уәде берген алаяқ тұрғындарды алдап, 7,7 млн теңгесін жымқырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қалалық ПБ-ға 5 тұрғыннан арыз түскен. Олардың айтуынша, Е. есімді азамат олардың шетелдік автокөліктерін заңдастырып беремін деп сенімдеріне кіріп, ақшаларын алып, берген уәдесінде тұрмаған. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын – 7,7 млн теңге.
Полиция қызметкерлері 27 жастағы азаматты анықтап, ұстады. Аталған дерек Ақтау қаласы ПБ СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген хабарламада.
Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.