Қорғаныс министрі ұлын әскерге жіберуге уәде берді
Министрдің ұлы 20 жаста – қазір студент
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Отырыста депутат Ринат Зайытов «министрдің баласы, әкімнің баласы әскерде жүр» дегенді бұрын-соңды естімегенін айтып, заңда шенеуніктер мен олардың баласын әскерге баруды міндеттеу туралы арнайы норма әзірлеуді ұсынды.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат ұсынған норманы енгізудің қажеті жоқтығын айтты.
«Патриоттық деген жария етілмейді. Бұрын Ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов екі жиенін әскерге өзі алып келді. Бұрынғы сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің ұлы мектеп бітірген соң десанттық-шабуылдау әскерінде борышын өтеп, қазір АҚШ-тағы әскери училищенің курсанты болып отыр. Бұл үлгі емес пе? Министр мен депуттардың ұлдарын бөлетін норманың қажеті жоқ. Заң бәріне ортақ, тек оны кім қалай орындағаны маңызды», - деді министр.
Мәжіліс отырысынан шыққан соң Қорғаныс министрі журналистердің сұрағына жауап беріп, өз ұлын әскерге жіберуге дайын екенін мәлімдеді.
Ұлым жиырма жаста – студент. Оқуын бітірген соң өзі таңдаған бағыт бойынша әскерге өзім жетектеп апарамын. Бірақ оның арнайы құрылымдарға барғаны абзал, - деді министр.