×

Талдықорғанда «Нұрлы жер» бағдарламасы төңірегінде дау шықты

Бес жыл бұрын депозит ашқандар емес, биыл ақша салғандар конкурстан өтіп жатыр

 Думан Қырықбаев 19.05.2022 | 15:13
фото: Halyq Uni

Талдықорғанда «Нұрлы жер» бағдарламасы төңірегінде дау шықты. «Отбасы банкі» арқылы үлестірілетін 137 пәтерлік тұрғын үйге өтінім беріп, ипотекалық тізімге іліне алмай қалған салымшылар байқаудың әділ өткеніне күмәнмен қарайды. Оның үстіне баспана алуда басымдық берілетін балдық жүйе қалай есептелгенін білмей әлек.

Жергілікті әкімдікте 10 жылдай тұрғын үй кезегінде тұрған Балжан Дәуленқызы - «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үй алуға үмітті болғандардың бірі. Бес жыл бұрын депозит ашып, шарт бойынша қажетті соманы салған. Тіпті, шотта кемінде 500 мың теңге болуы керек болса, ол екі милиион ақша жинаған екен. Бірақ, соның өзінде конкурстан өтпей қалғанын айтады.

«Үш баламен осы күнге дейін пәтер жалдап жүрміз. Ай сайын 40 мың теңге төлейміз. Бұл қайта ең арзаны. Әйтпесе, бір бөлмелі пәтердің арендасы 60-70 мың теңге төңірегінде. Осы күнге дейін есептейтін болсақ, пәтер жалдауға бір үйдің толық ақшасын беріп қойдық. Өз баспанам болғанын қалаймын. Кезекпен үй алайық десек, ол кезегіміз қашан келетіні белгісіз. Ал, осындай бағдарламамен баспаналы болайық десек, өтпей қаласың. Сонда кімдер өтіп жатыр. Мен бұл байқаудың әділ өткеніне сенбеймін. Елден «ақшамен өтіп жатыр» дегенді жиі естіп жатырмыз», - дейді.

Балжан секілді конкурстан өтпей қалған салымшылар «Отбасы банкінің» кезек мәселесіне назар аудармағанына наразы. Оларға тізім балдық жүйемен жасақталатынын бастапқыда ашып айтпаған. Салымшылар «мұны ескерткенде қарызданып шотқа ақша салып, қиналмас едік» деп отыр. Оның үстіне, шартқа сәйкес, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандарға басымдық берілетіні хабарланған. Енді сол жағы ескерілгенін білмей отыр.

«Меніңше, конкурстан өтпеген себебіміз – бізбен бірге қатысқандардың арасында 2022 жылы, яғни, биыл кезекке тұрып, өтіп кеткендер бар. Бұл қалай болғаны? Біз кезекте көпбалалы отбасы ретінде жылдап тұрдық, тостық. Бірақ, өтпедік. Қазір біз 31 мың балл жинап, тек резервке ғана іліндік. Егер, өткендер арасында төлем қабілетін растай алмай немесе несиелік проблемалар болғанда ғана, солардың орнына кіргізуі мүмкін. Бірақ, бұл пәтер бұйырады деген сөз емес. Жалпы, біз Үкіметтен тегін пәтер сұрап жатқан жоқпыз ғой. Сондықтан, байқауда салымшылардың тұрғын үй кезегінде қай уақыттан бері тұрғаны ескеріліп, сол негізінде берілсе екен», - дейді, қала тұрғыны Толқын Тұрсын.

Байқаудың әділ өткеніне күмәнмен қарайтын салымшылар оның нәтижесін жойып, қайта өткізуді талап еткелі отыр.

Кеше ғана тұрғын үй кезегіне тұрып, пәтерге қол жеткізіп жатқан адамдардың қандай категориямен кезекке тұрғанын, қанша балл жинап үй алғанын маған дәлелдеп берсе деймін. Конкурсты қайтадан өткізсе деймін. Себебі, бұл жерде әділетсіздік бар, - дейді тағы бір салымшы Мөлдір Жақсылықова.

Бұл мәселеге қатысты «Отбасы банкі» АҚ Алматы облыстық филиалындағы мамандар байқау шарты бойынша барлығы арнайы порталда еш адамның қатысуынсыз өткен алға тартты. Яғни, тізім автоматты жүйе негізінде іріктеліп, жасақталған. Ал, байқаудан өткен салымшылар туралы мәлімет «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңың 50-бабына сәйкес, яғни, банк құпиялылығына байланысты еш жерде жарияланбайтынын жеткізді.

«Бізде тұрғын үй бағдарламалары аясында үйлерді жүзеге асыру – барлығы толығымен автоматтандырылған процесс. Ол «Баспана» порталында іске асады. Ал, балл санау кезінде салымшылардың кезекке қашан тұрғаны есепке алынбайды. Тек қана депозиттің қашан ашылғаны, ақшаны депозитке уақытылы салып отырғаны маңызды. Сол арқылы есептеледі. Мәселен, бізде 5 пул болды. Соның ішінде үш бөлмелі 21 пәтерге 200 астам адам өтініш берді. Бұл жерде ең максималды алынған балл көлемі - 238 мың», - дейді банктегілер.

Талдықорған қаласы бойынша «Бірлік» шағын ауданында салынған 137 пәтерлік үйге 800-ден аса салымшы өтініш берген. Байқау 18-сәуір мен 12-мамыр аралығында өтті. Тізім жарияланып, барлық салымшыларға SMS-хабарлама жіберілген. Қазір салымшылардың төлем қабілеті тексеріліп жатыр.

Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған бұл үйдегі пәтерлердің нарықтық құны да арзан. Әр шаршы метрі 160 мың теңгеден бағаланып отыр. Сондықтан, үй алуға ниет білдіргендер көп. Байқау өтіп, қорытындысы шықса да, бағдарлама аясында дау басылар емес. Тізімге ілінбей қалған салымшылар ашықтықты талап етіп, құзырлы мекемелерге арызданбақшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама