Алматы прокурорлары 13 банкті жауапқа тартты

Динара Амантай

Оларға қомақты айыппұл салынды

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасы жүргізген талдау, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы бұзылғандығын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Прокурорлармен кездесу барысында мүгедектер қоғамының өкілдері қаладағы екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) бөлімшелеріне қолжетімділіктің жоқтығы туралы мәселе көтерді.

ЕДБ-ның мүгедектігі бар адамдар қаржылық қызмет алуға жиі келетін орындардың бірі саналатыны белгілі.

Прокурорлар қаладағы банктердің бірде-бір бөлімшесі қойылған талаптарға сәйкес еместігін анықтады. Яғни пандустар, мнемосхемалар, арнайы кассалар және т.б. не талапқа сай емес, не мүлде жоқ.

Алматыда мүмкіндігі шектеулі 50 мыңнан астам адам тұрады.

«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» ҚР заңының 14-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мүгедектер Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерімен бекітілген, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету құқығын қоса алғанда, барлық әлеуметтік-экономикалық және жеке құқығы мен бостандығына ие. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін Алматы қаласы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаментімен 13 ЕДБ «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 83-бабы бойынша 9 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауаптылыққа тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Уәкілетті орган барлық банкке бұзушылықтарды жою және мүгедектігі бар адамдар үшін көзделген жағдайларды жасау қажеттігі туралы ұйғарымдар берді.

Қазір 8 банк өз бөлімшелерін талапқа сәйкестендіріп үлгерді, қалғандары тиісті шаралар қабылдап жатыр.