Полиция құрамында есірткісі бар 6 мың таблетка мен ампуланы тәркіледі

Динара Амантай

Әкімшілік жауапкершілікке 63 адам тартылды

Фото: Halyq Uni

13 қарашадан бастап ішкі істер органдары республика бойынша «Дәрмек» кең ауқымды жедел-алдын алу шарасын өткізіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның мақсаты – дәрілік заттардың заңсыз айналымға кетпеуін, контрабандалық жолмен таралмауын қадағалау, болған жағдайда, жолын кесу.

Полицейлер есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды, дәлірек айтқанда, медициналық мекемелерді, дәріханаларды, қоймаларды, өнеркәсіптік кәсіпорындарды және басқа да объектілерді тексеруді бастады. Рейдтің алғашқы күнінде аталған салада 11 қылмыс пен 63 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 63 адам тартылды, оның 11-і – медицина қызметкері.

Дұрыс сақталмаған, құрамында есірткі және психотроптық заттар бар 6 мыңға жуық таблетка мен медициналық препараттардың ампулалары тәркіленді. 13,4 тоннадан астам прекурсордың айналымы лицензиялық нормалардың және оларды сақтау қоймаларының техникалық жағдайлары талаптарының бұзылуына байланысты шектелді.

Мысалы, Атырау облысында компаниялардың біріне жүргізілген тексеру барысында техникалық талаптардың бұзылуы, яғни күзет-дабыл жүйесінің және терезелердегі темір торлардың жоқтығы анықталды. Онда болған 7,3 тонна прекурсор пломбаланып, арнайы орынға сақтауға тапсырылды.