БҚО-да шенеунікке йога төсенішін сыйлаған жаттықтырушының басы пәлеге қалды
Сот қазір Алматыда емделіп жатқан шенеуніктің өзінен жауап алып жатыр
БҚО-да 4 ай бұрын шенеунікке йога төсенішін сыйға тартқан жаттықтырушыға 690 мың теңге айыппұл салынды. Бұл іс сотта қаралды. Бұл туралы «Мой город» хабарлады.
Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сот йога жаттықтырушысы Маргарита Булдаковаға қатысты істі қарауды жалғастырып отыр. Оған міндеттерін атқарып жатқан мемлекеттік қызметкерге йога төсенішін беру арқылы құқықбұзушылық жасады деген айып тағылды.
Облыстық спорт басқармасының бұрынғы басшысы Қаймен Есендияров жаттықтырушының әрекетін заңсыз деп тауып, сыйлықты арнайы мемлекеттік қорға жіберген. Ал сыбайлас жемқорлықпен күресушілер Булдаковаға 690 мың теңге айыппұл салуға шешім қабылдады.
Булдакова йога төсенішінен бөлек, Есендияровқа Zepter фирмасының пышақтары салынған пакет те берген.
Сот қазір Алматыда емделіп жатқан Қаймен Есендияровтың өзінен жауап алуға кірісті. Ол 2023 жылдың тамызына дейін Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Сәуір айында Булдакова бізге ресми хатпен хабарласып, шараны өткізу үшін «Юность» стадионын беруді өтінді. Біз келістік. 21 маусымда йога күні кезінде Маргарита Булдакова маған йога төсеніші мен 2 пышақ сыйлады. Стадионда адам көп болды. Бәрі суретке түсіп жатқан кез. Мен тіптен абдырап қалдым. Бәрінің көзінше сыйлықтан бас тарту маған өрескел болып көрінді. Шара біткен соң заң шешсін деп осы сыйлықтарды өзімнің қызметкерім Аманғалиевке табыс еттім, – деді Қаймен Есендияров.
Адвокат Нұрлыбек Юсубалиевтің айтуынша, пышақтарды шараның демеушілері берген. Сотқа жауап алу үшін Zepter компаниясының аймақтық директоры Хамида Ғабдилова шақырылды. Ол пышақтарды қайырымдылыққа тегін бергенін жеткізді. Айтуынша, сыйлық ешкімге арналмаған.
Бүгінде заттар аукцион арқылы сатылған. Аукцион 21 қыркүйекте жарияланып, төсеніш пен пышақ 5 833 теңгеге сатылып кеткен.