Дәрігерлер инемен науқастың жүрек қабын тесіп, аман алып қалды
Қазір 63 жастағы ер-азамат өзін жақсы сезінеді
Шымкент қалалық №2 ауруханасында дәрігерлер 63 жастағы ер адамды ажалдан аман алып қалды. Науқас бірнеше күн бұрын жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға түскен. Оның жағдайы өте қиын болған.
Otyrar.kz-тің хабарлауынша, қабылдау бөлімінде лабораториялық зерттеулер жүргізіліп, жүрек УДЗ (УЗИ) жасалды. Тексеру кезінде науқаста перикардта нормадан тыс көлемде сұйықтық жиналғаны анықталды. Перикард дегеніміз – жүректің сыртындағы қап. Ішіне ауру салдарынан көп мөлшерде сұйықтық жиналған. Ол сұйықтық кез келген уақытта көбейіп, жүректі қысып қалуы мүмкін еді.
Науқасқа «Идиопатиялық перикардит. Жүрек тампонадасы» диагнозы қойылды. Тез арада жансақтау бөліміне жатқызылып, перикардиоцентез жасалды. Яғни, ине арқылы жүрек қабы тесіліп, сұйықтық сыртқа шығарылды. Бұл өте қиын процедура болды.
Науқас жансақтау бөлімінде үш күн жатып, кардиология бөлімшесіне ауыстырылған. Қазір 63 жастағы ер-азамат өзін жақсы сезінеді. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы жақсарып, алдағы күндері үйiне барады.