×

Орынбасары істі болған БҚО әкімі неге отставкаға кетпейтінін түсіндірді

Нариман Төреғалиев экс-орынбасарының әрекеті үшін ұялатынын мойындады

 Дәурен Ерболат 14.11.2023 | 13:23
Нариман Төреғалиев, фото: ОКҚ

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жемқорлықпен істі болған бұрынғы орынбасарының әрекеті үшін отставкаға кетпейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналист облыс әкіміне «Заңға сәйкес, егер басшының орынбасары немесе оған бағынышты қызметкері (парамен) ұсталса, басшы отставкаға кетуі керек. Сіздің орынбасарыңыз қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланы үшін сотталып, оған айыппұл салынды. Сіз отставкаға өтініш бердіңіз бе?» деп сұрақ қойды.

Нариман Төреғалиев мұндай мәселе болғанын жеткізді.

«Сіз айтқандай, менің орынбасарым Ержан Балтаев өкілеттігін асыра пайдаланып, жемқорлық қылмысы бойынша айыпталған еді. Ержан Талғатұлы, 2023 жылғы ақпанда осы қылмысты жасаған. Мен «Мемлекеттік қызмет істері туралы» заңның 60-бабына тоқталғым келеді. Мәселе қалай болды?

Біріншіден, біз әлеуметтік желіден осындай мәселе туындағанын көрдік. Содан кейін мен орынбасарымды өзіме шақырдым. Осы мәселе жөнінде сұрап білдім. Біз комиссия құрдық. Оның қорытындысы бойынша ол (Ержан Балтаев) өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын мойындап, түсініктеме жазды. Осыған байланысты мен оны теріс қылығы үшін қызметінен босаттым, яғни сотқа дейін», - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы неге отставкаға кетпейтінін түсіндірді.

«Екіншіден, мен отставка жөнінде де ойландым. Сіз дұрыс айтасыз. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, егер маған бағынышты орынбасарымның қылмыс жасаған мерзімі 3 айдан асып кетсе, мен отставкаға өтініш беремін. Яғни сіз айтқан 10 күн ішінде. Бірақ ол (Ержан Балтаев) қылмыс жасаған кезде 3 ай болмаған. Қылмыс 3 айдың ішінде жасалған. 2022 жылдың 2 желтоқсанында мен БҚО әкімі қызметіне тағайындалдым. Демек, биыл ақпанда менің облыс әкімі қызметін атқарғаныма тек 2 ай болған. Қылмыс жасаған мерзім 3 айдан асып кетсе, яғни сәуір, маусымда болса, мен отставкаға өтініш берер едім. Сондықтан мен заңға сәйкес, отставкаға берген жоқпын. Заң бәрімізге ортақ», - деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі бұрынғы орынбасарының әрекеті үшін ұялатынын мойындады.

Енді Ержан Балтаевқа тоқталайын. Әрине, өкінішті. Сол кезде ол менің бірінші орынбасарым болды. Оның осындай өрескел заңбұзушылыққа барғаны мен үшін және мен басқарып отырған әкімшілік үшін өте ұят болды. Оны біз мойындаймыз. Алдағы уақытта осындай жағдай болмас үшін біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментпен бірге жол картасын әзірледік. Сонымен қатар жемқорлық тәуекелі бар – қаражат көп жүретін мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрық арқылы біз ішкі аудит жүргізіп жатырмыз, - деді өңір басшысы.

Еске салайық, Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған Ержан Балтаевқа айыппұл салды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама