Жамбыл облысында 20 жылжымайтын мүлікті заңсыз иемдену дерегі анықталды
Аталған факті бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды
Азаматтық істерді талдау нәтижелері бойынша Жамбыл облысының прокуратурасы нарықтық құны 300 млн теңгеден асатын 20 жылжымайтын мүлікке меншік құқығын заңсыз иемдену схемаларын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаскөйлер Тараз қаласында иелері қайтыс болған немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен иесіз пәтерлер мен үйлерді анықтап, жалған құқық белгілейтін құжаттарды жасап, оларды басқа тұлғаларға сату мақсатында жеке бас пайдасына иемденген. Аталмыш қылмыстар заңсыз шешімдердің қабылдануына ықпал еткен сотқа қолдан жасалған дәлелдемелерді ұсыну, жалған сот шешімдерін, заңсыз нотариаттық іс-әрекеттер жасау арқылы іске асырылған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Облыс прокуратурасы пәтерлерді заңсыз иемдену фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша 6 қылмыстық іс тіркеді.
Былтыр 20 объектінің 3-еуі бойынша 1 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Биыл Тараз қаласы №2 сотының 2023 жылғы 6 қазандағы үкімімен 2 пәтерді заңсыз иемденгені үшін екі адам 2-ден 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жылжымайтын мүліктің қалған 15 объектісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Қазір облыс прокуратурасының ұсынысы бойынша жергілікті атқарушы органдар жылжымайтын мүлікті мемлекет кірісіне қайтару жөнінде шаралар қабылдап жатыр