Halyq Uni логотип
×

Қостанай облысында мас жүргізуші полицейге қарсы оқ атқан

Оның бұрын заң бұзғаны анықталды

 Дәурен Ерболат 14.11.2023 | 09:05
Қостанай облысында мас жүргізуші полицейге қарсы оқ атқан
Фото: polisia.kz

Қостанай облысында полиция қызметкерлеріне қару қолданған мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Қостанай облысы ПД мәліметінше, оқыс оқиға 12 қарашада сағат 21:00-де Қарабалық ауданында болған.

Полиция қызметкерлері Алматы – Екатеринбург жолында (Приуральск кентінің маңы) шамдарын қоспай жүріп келе жатқан УАЗ көлігін байқаған. Жүргізушінің мінез-құлқы полицейлердің күдігін тудырған.

Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатуды талап еткен. Алайда жүргізуші жауап бермеген. Содан кейін ол көлікті басқара алмай, жолдың шетіне шығып кеткен. Сондақ-ақ жүргізуші қашпақ болып, тәртіп сақшыларына қарай бірнеше рет оқ атқан.

Ауданда «Сирена» жоспары жарияланып, жеке құрам дабыл бойынша көтерілді. 35 жастағы күдікті мас күйде аудандағы пәтерінде ұсталды.

Бүгінде Қылмыстық кодекстің 380-1-бабы бойынша тергеу басталды. Полицейлер ер адамға қарсы қару қолданбаған, оқиғадан ешкім зардап шекпеген.

Іс бойынша аңшылық қос ұңғылы мылтық, патрондар мен спирттік ішімдіктер тәркіленді. Қазір қару баллистикалық сараптамаға жіберілді. Күдікті Қарабалық ауданындағы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама