Halyq Uni логотип
×

ҰҚШҰ кеңесі: Қорғаныс министрі Минск қаласына барады

2024 жылы ұйымға Қазақстан төрағалық етеді

 Дәурен Ерболат 13.11.2023 | 17:36
ҰҚШҰ кеңесі: Қорғаныс министрі Минск қаласына барады
фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

ҚР премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы кеңесіне қатысу үшін Минск қаласына барады. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2023 жылдың 22 қарашасында Минск қаласында сыртқы істер министрлер кеңесінің, қорғаныс министрлер кеңесінің және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қауіпсіздік кеңестерінің хатшылар комитетінің бірлескен отырысы өтеді. Іс-шараға Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов және Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қатысады, - деді ресми өкіл СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ведомство өкілінің айтуынша, ҰҚШҰ кеңесінде қауіпсіз аймақтардағы әскери-саяси жағдай және сессияаралық кезеңдегі ұйым қызметі талқыға салынады.

Сондай-ақ жиынға қатысушылар ұжымдық қауіпсіздік жүйесін дамытудың түрлі мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды және саяси мәлімдемелер жасайды.

«Сондай-ақ 23 қарашада Минск қаласында жоспарланған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы барысында мемлекет басшыларының қарауына шығарылатын құжаттардың жобалары мақұлданады деп жоспарланып отыр.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ұйымға төрағалық Қазақстанға өтеді. Сондықтан Минск қаласында өтетін бірлескен отырыста Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу келесі жылы осы ұйымдағы Қазақстан қызметінің басым бағыттарымен таныстырады. Басымдықтарды қалыптастыру кезінде Қазақстан тарапы ұйым қызметіндегі сабақтастықты сақтаудың маңыздылығына негізделеді. Жалпы Қазақстанның басымдықтарын ұйымның саммитінде мемлекет басшысы ресми түрде ұсынады», - деді Айбек Смадияров.

Еске салайық, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше алты мемлекет бар: Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Тәжікстан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама