Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялау басталды – СІМ
Бүгін 44 азаматтан тұратын бірінші топты эвакуациялайды
Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау басталды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, биыл 10 қарашада Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израильдің сыртқы істер министрі Эли Коэнмен телефон арқылы сөйлескен.
Олар өңірдегі ағымдағы жағдайды талқылады. Министр Газа секторындағы қақтығыстың шиелінісуіне және әскери іс-қимыл аймағындағы жағдайдың өршуіне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ қақтығысқа қатысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Мұрат Нұртілеу Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялау бірінші кезектегі басымдық екенін айтты, – деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ 11 қарашада Қазақстанның сыртқы істер министрі Араб мемлекеттері лигасының және Ислам ынтымақтастық ұйымының Палестина мәселесі бойынша кезектен тыс бірлескен саммитіне қатысқан. Саммит алаңында осы өңірдегі негізгі елдермен кездесу өткізіп, олармен қазақстандықтарды Газа секторынан қауіпсіз және тезірек шығу мәселесі талқыланды.
Осы келіссөздердің және Қазақстанның Мысырдағы, Иорданиядағы және Израильдегі елшіліктердің үйлесімді және нақты іс-қимылдарының арқасында бүгін Газа секторындағы отандастарымызды эвакуациялау процесі басталды. Бүгін, 13 қарашада 44 азаматтан тұратын бірінші топты эвакуациялау жоспарланған. Бұл топқа Қазақстанның 40 азаматы және олардың 4 шетелдік отбасы мүшесі кіреді, - деді ведомствоның ресми өкілі.
СІМ өкілінің айтуынша, Қазақстаннан басқа 9 ел өз азаматтарын эвакуациялауға кіріскен: Марокко, Иордания, Ресей, Испания және Швеция, Нидерланды, Перу, Ұлыбритания, АҚШ.
Эвакуация Газа секторы мен Мысыр арасында орналасқан «Рафах» өткізу пунктінен іске асырылады. Бекеттен барлығы 594 адам өтеді. Содан кейін Қазақстан азаматтары Каирге автокөлікпен жеткізіліп, қонақүйге орналастырылады. Осыдан соң Қазақстанға жеткізіледі, - деді Айбек Смадияров.
Бұған дейін СІМ Газа секторында Қазақстанның 76 азаматы барын (отбасы мүшелерімен бірге санағанда – 161 адам) хабарлады.