Оларға қазір 48 мың тонна шөп қажет
Ауа райына байланысты шөп тапшылығын көріп отырған Абай облысының малшылары енді жем-шөп бағасының көтерілетінін болжап отыр. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.
Мамандар шаруаларға алдағы қыс алдында 250 тонна шөп жетпейтінін айтып отыр. Ал өңірдегі шөп сатушылар ауа райына байланысты қиындықтарға тап болып, бағаны көтеруге мәжбүр. Жыл басында бір бумасы 800 теңгеден болса, қазір 1400 теңге тұрады.
Мал өсірушілер биліктен көмек сұрап жатыр. Әзірге бір-біріне көмек қолын созып жүр.
Қорымыз үлкен деп айта алмаймын. Құрғақшылық барлығына әсер етті. Бірақ біз жерлестерімізге көмектесуге келдік. Қыс келе жатыр, әйтеуір жағдайдан шығу керек. Кеше төрт рет сапарға шықтық. Бүгін біз әр үйге бір тіркемеден сатамыз, - дейді Қайнар ауылының тұрғыны Ардақ Асқаров.
Алдағы уақытта әкімдік мал азығын жеткізуге уәде беріп отыр. Бірақ бұл көлем тапшылықты толық толтыра алмайды.
Жақында 25 тонна шөп жеткізіледі. Біз де өз тарапымыздан жеткізушілер іздеп, шаруа қожалықтарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қаладан 10 шақырым жерде «Нұр» деген шаруа қожалығы бар. Олар 160 тонна шөп өткізуге дайын, - деді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Ержан Сүлейменов.
Облыс бойынша барлығы 48 мың тонна шөп қажет. Олар негізгі бөлімді дайындап үлгерді, бірақ 3/4 бөлігін сырттан әкелуге тура келген.