Республикалық әкелер форумына Орталық Азия елдерінің өкілдері келеді
«Орталық Азияның ер-азаматтары» кітабының тұсаукесері өтеді
15 қарашада Астана қаласында «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында VIII Республикалық әкелер форумы өтеді.
Форумның мақсаты – әкелер институтын дамыту, отбасылық құндылықтар және өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында жаңа тәсілдерді насихаттау және қалыптастыру.
Форум аясында адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптеу, салауатты өмір салтын ұстану, отбасының заманауи бейнесін қалыптастырудағы БАҚ-тың орны, ерекше бала тәрбиелеудегі әкенің, отбасының рөлі, баланың бойындағы қабілеттерді арттыру тақырыптары талқыланып, әрқайсысына жеке сессиялар арналады.
Іс-шарада «Орталық Азияның ер-азаматтары» кітабының тұсаукесері өтеді.
Форумға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің өкілдері, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Парламент депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Әкелер одағы» РҚБ делегаттары қатысады.
Форум «Астана» халықаралық қаржы орталығы ғимаратында өтеді.
Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша, әкелер институтына қатысты мәселелер тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де бар.
Сондықтан, қонақтарымызға үйретеріміз де, олардан үйренеріміз де бар. Бастысы, тәжірибе алмасып, қоғамымыздың құндылықтарына сай оң нәтиже берер нәрселереді алып қолдану, - дейді ол.
Алдағы форумның тағы бір ерекшелігі, биыл жарық көргелі жатқан «Быть мужчиной в Центральной Азии» кітабының тұрсаукесері болады. Оны қазақстандық және өзге елдегі авторлар бірігіп жазған. Онда Орталық Азиядағы жекелеген ер азаматтардың өмірлері баяндалған. Кітап БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қорының көмегімен басылып шыққан.
Одан бөлек, форум қарсаңында Орталық Азия аймағындағы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оған қарсы күреске ер адамдарды тарту саласындағы ұлттық әлеуетті нығайту бойынша екікүндік аймақтық семинар-тренинг өтеді. Саналы әке идеясын насихаттап жүрген «Әкелер одағы» осы семинардың серіктесі.
Биылғы форумның тақырыбы – «Ұрпақ тәрбиесі ұлт болашағы». Форумға қатысып, ашылу салтанатында сөз сөйлейтін қонақтар:
- Аида Балаева – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі;
- Жақып Асанов – Сенат төрағасының орынбасары;
- Зулайхо Махкамова – Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары, Отбасы және әйелдер істері мемлекеттік комитетінің төрағасы;
- Ронни Линдстром – БҰҰ Халықтың қоныстану қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы өкілі, Түрікменстан мен Қырғызстандағы директоры;
- Әлихан Бәйменов – Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы;
- Нұрлан Өнербаев - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Форумда 7 сессиядан тұрады:
- «Орталық Азияда ер адам болу: тарих, мәдениет, қазіргі заман»
- «Адал азамат. Ұлттық құндылықтар»
- «Салауатты ұлт – елдің әл-ауқатының негізі»
- «Қазақстанда отбасының заманауи келбетін қалыптастырудағы БАҚ-тың ролі»
- «Ерекше бақыт»
- «Life skills». Балалар
«Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі 2012 жылы құрылған. Еліміздің 12 өңірінде жұмыс істеп келеді. Биыл одақтың құрылғанына 11 жыл. Жауапты, саналы және позитивті ата-аналарды қалыптастыруға, оларға қолдау көрсетуге арналған 1000-нан астам жоба іске асырылған.
Ұйым қатарында 1000 астам әке бар. Оның 100 – ден астамы белсенді қатысушы. Ұйымның мақсаты:
- әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету;
- жауапты әке болуды үйрету
- ұл балаларды болашақта саналы әке болуға тәрбиелеу;
- әкелер институтын дамыту;
- әкелердің отбасындағы рөлін арттыру;
- дәстүрлі отбасы құндылықтарын нығайту;
- балаларды бірлесіп тәрбиелеу;
- саналы әке болуды насихаттау;
- балалар мен әкелердің құқықтарын қорғау.
«Әкелер одағы» Қазақстанда тұңғыш рет «Әкелер күні» мерекесінің Үкімет деңгейінде ресми қабылдануына ықпал етті. «Әкелер күні» маусым айының үшінші жексенбісіне белгіленген. Бұл «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің көп жыл бойы жасап келе жатқан қоғамдық жұмысының нәтижесі.