Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қостанайда трансформаторлық қосалқы станциялардан құны 100 млн теңгеге жуықтайтын ұрлық жасалғаны анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақмола облысының екі тұрғыны трансформаторлық қосалқы станциялардан жабдықтарды ұрлау барысында ұсталды. Бұл олардың алтыншы мәрте жасаған ұрлығы болатын. Екі апта бойы «гастролерлер» Қостанайдың трансформаторлық қосалқы станцияларынан қымбат жабдықтарды ұрлап жүрген. Соңғы рет олар қосалқы станциядан 4 блок-модульдік релелік қорғанысты ұрлауға тырысқан. Осындай бір қорғаныстың құны – 2,5 млн теңге.
«Юбилейный» шағын ауданындағы трансформаторлық қосалқы станциялардың бірінің жанынан өтіп бара жатып, арнайы киім киіп, станцияға кірген екі жігітті байқадым. Мен оларды тексерген жөн деп шештім. Өйткені бұрын осы жерде жасалған ұрлық туралы арыздар келіп түскен болатын. Қосалқы станцияға жақындаған кезде мен құлыптың бұзылғанын көріп, бірден көмек шақырдым. Екі жігіт шығуға дайындалып жатқанда, біз оларды әріптестерімізбен қоршап алдық. Бізді көргенде олар жасырынуға тырысты. Бірақ біз оларды самбоның жауынгерлік әдістерін қолданып, ұстадық, – деді жедел уәкіл Бауыржан Өтеутілеу.
Аталған фактілер ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ақмола облысы Ақкөл ауылының 20 жастағы екі тұрғыны іс бойынша күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілер өз кінәларын мойындады. Ұрланған мүлік ішінара тәркіленді. Барлық дерек бойынша жалпы шығын 100 миллион теңгеден асты.