Есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкенге тосқауыл қойылды
Қазақстанның үш қаласында жасырылған 500 есірткі орамы тәркіленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Батыс Қазақстан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының аумағында байланыссыз жасыру әдісімен марихуана және гашиш есірткісін сатумен айналысқан интернет-дүкенге тосқауыл қойды.
Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жоғарыда аталған интернет-дүкеннің операторы және курьері болған Орал қаласының екі тұрғыны ұсталды. Атырау, Орал және Ақсай қалаларында олар бұрын жасырып кеткен 500-ден астам есірткі орамы тәркіленді. Олардың 300-ден астамы Атырауда Жайық өзенінің жағасындағы қоғамдық орындардан табылды. Қазір есірткі дүкенін ұйымдастырушыны анықтау және оны бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі интернет-дүкендердің 19 ұйымдастырушысын, 105 оператор мен 297 есірткі жасырушыны ұстады. Есірткі құралдарының таралуы туралы ақпаратты қамтитын 3500 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.