×

ІІМ оқушылар мен студенттерге ескерту жасады

Биыл есірткі сатқаны үшін 34 жасөспірім ұсталған

 Дәурен Ерболат 13.11.2023 | 09:05
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі оқушылар мен студенттерге ескерту жасап, есірткі қылмысы үшін қандай жаза қарастырылғанын айтып берді, деп хабарлады Polisia.kz.

Есірткіні сақтау, өткізу, өндіру немесе тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Есірткіні жасыратын адам немесе курьер 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Интернетте есірткіні жарнамалау, насихаттау, белгілі бір есірткі туралы форумдарда оң пікірлер үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жасазы қарастырылған.

Жыл басынан бері полиция есірткі қылмысына қатысқаны үшін 34 кәмелетке толмағанды ұстады. Олардың әрқайсысының жауапкершілік дәрежесін тергеу органдары мен сот белгілейді. Алайда тек жазалау шараларымен жағдайды түзету мүмкін емес.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың салдары қандай болатынын түсіндірді. Осыған байланысты министрліктің есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Әмірханов Астана қаласы №3 мектеп-гимназиясының оқушылары мен Көлік және коммуникация жоғары колледжінің студенттерімен кездесті.

Полицей оларға есірткі қылмысы үшін жаза ауыр болатынын ескертті. Оның айтуынша, есірткі сатушылар жасөспірімдерді заңсыз затпен тікелей байланыс қажет болғанда пайдаланады.

Жасөспірімдерді манипуляциялау оңай. Оларды қылмыс үшін жауапқа тарту жасына жетпеген деп сендіреді. Сондықтан ауыр жаза болмайды, жоқ дегенде ата-аналарға айыппұл салынады деп айтылады. Жастарға аз күш жұмсап, үлкен табыс табуға уәде беріледі. Алайда мұндай есірткі курьері «жұмысының» максималды мерзімі – 2-3 ай. Содан кейін олар ұсталып, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, колонияда жазасын өтейді, - деді Бақытжан Әмірханов.

Қара нарықта 1 грамм мефедрон 28 мың теңге тұрады, ал есірткі дүкенінде 1 грамм есірткі – 2 мың теңге.

Бақытжан Әмірханов кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты болдырмауда әрбір полиция қызметкерінің үлесі маңызды екенін атап өтті. Сондықтан министрлік елорданың оқу орындарында бейінді департамент қызметкерлерімен осындай іс-шараларды өткізу кестесін әзірлеген.

Жыл соңына дейін олардың қатысуымен елорданың барлық колледж студенттерімен кездесу өткізіледі. Келесі жылы бұл жұмыс мектептер мен жоғары оқу орындарында жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама