Өзбекстанда Мирзиеевті балағаттаған жігіт 2,5 жылға сотталып кетті

Еркеғали Болатұлы

Сот оның Instagram-дағы парақшасын бұғаттауға да шешім қабылдады

фото: nova24.uz

Самарқанд облысының Каттакурган аудандық соты 19 жастағы Дильшод Искандаровты «президентті қорлады» (Қылмыстық кодекстің 158-бабы 3-бөлігі) деген айыппен 2,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Полиция мәліметінше, биыл жазда Дильшод Искандаров Ресейде болған кезінде Instagram-да президент Шавкат Мирзиеевтің отбасы туралы бейнероликтің астына: «Ш.М. Мирзиеев, сенің отбасыңды...» деп балағат сөз жазған. Кейін Искандаров ол жазбаны алып тастаған.

Өзбекстан Әділет министрлігі жанындағы Сот сараптамасы орталығы «Дильшод Искандаровтың жазбасында президентті қорлау мен беделін түсіруге байланысты әрекеттер бар» деген қорытындыға келді.

2022 жылдың қарашасында Дильшод Искандаров Ресейдің Владивосток қаласына жұмысқа кеткен көрінеді. Ал 2023 жылдың тамызында ол интернетте жариялаған жазбасы үшін өзіне қарсы іс қозғалғанын білгеннен кейін Өзбекстанға оралған.

Сотта Искандаров кінәсін толық мойындады.

Ол Шавкат Мирзиеевтің саясатына қарсы емес, тек жастық пен түсінбеушіліктен президент туралы балағат сөз жазғанын айтты, - делінген сот шешімінде.

Сонымен қатар, сот оның Instagram-дағы парақшасын бұғаттауға шешім қабылдады.