Ақтаудағы өзімен-өзі сөйлесетін сарбаз қайта тексеруден өтеді
Қорғаныс министрлігі сарбазға қатысты түсініктеме берді
Әлеуметтік желіде Ақтау қаласындағы әскери бөлімдердің бірінде сарбаздың психикасының бұзылуы жайлы ақпарат тарады. Ақпаратта сарбаздың өзімен-өзі сөйлесетіні, айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция танытатыны айтылған.
Оған қоса, сарбаздың әскерге күштеп әкелгені жайлы да жазылған.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 18 мамырда сағат 12:00-де бөлім басшылығы 25744 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер А.-ның айналада болып жатқан оқиғаларға түсініксіз реакция көрсеткенін, өзімен-өзі сөйлесіп жүргенін байқаған. Сосын бұл туралы сарбаздың ата-анасына хабарланған.
Ведомство мәліметінше, сарбазды медициналық тексеруден өткізу үшін облыстық ауруханаға апарған. Тексеру нәтижесінде (МРТ, мидың КТ) дене жарақаты мен қауіпті патологиялар анықталмаған. Бүгін мамандар сарбазды қайта тексеруден өткізуді жоспарлап отыр.
«Сарбазды аудандық қорғаныс істері бөліміне мәжбүрлеп әкелді делінген ақпарат нақты емес. 2022 жылғы 4 мамырда әскерге шақырылған А-ға белгіленген тәртіппен шақыру қағазы берілді. 11 мамырда ол шақыру пунктіне келді. Сол жерде оған және оның туысқандарына азаматтың басқа гарнизонға бармай-ақ, Ақтау қаласында қызмет өткеретіні мәлімделген болатын. Бұдан кейін әскерге шақырылушы ретінде А. Қарулы күштердің қатарында қызмет етуге өтініш білдірді. Медициналық тексеруден өткенде денсаулығына ешқандай шағым жасаған жоқ», - делінген министрлік жауабында.
Қазір Ақтаудағы сарбазға қатысты әскери полиция тексеру жүргізіп жатыр.