Елімізде соңғы бір аптада 41 адам коронавирус індетіне шалдыққан
Жыл басынан бері оны 11 775 адам жұқтырып отыр
Денсаулық сақтау министрлігі қазан айында covid-19 жұқтыру төмендегенін атап өтті. Кейінгі аптада 41 жұқтыру жағдайы анықталды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Кейінгі мәліметтер бойынша Қазақстанда аурудың екі штаммы (XBB және EG.5 «Eris») кең таралған. Барлық нұсқа Omicron-нан шыққан және әдетте өте жұқпалы. Omicron инфекциясымен байланысты негізгі белгілер – жөтел, шаршау, мұрынның бітелуі және мұрыннан су ағуы.
Штамдар арқылы жұқтыру ықтималдығының жоғары болуына қарамастан, Қазақстанның эпидемиологтары қазан айында қыркүйекпен салыстырғанда аурушаңдықтың төмендегенін атап өтті.
Елімізде бүгінге дейін барлығы 1 505 511 жағдай, оның ішінде биыл жыл басынан бері 11 775 оқиға тіркелген.
Дәрігерлер вакцинация коронавируспен күресудің ең тиімді әдісі болып қала беретінін еске салды. Ұлттық денсаулық сақтау орталығы барлық осал тұрғынды тұмауға және COVID-19-ға қарсы, әсіресе 65 жастан асқан, иммунитеті төмен немесе жүрек, өкпе және қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар тұрғындарға вакцина салу керектігін ескертті.
Бұдан бұрын Қазақстанда қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл ден қою шаралары қабылданған еді. Дәрігерлер балаларды қосымша жаппай иммундауды бастады.