×

Қуандық Бишімбаев қанша жылға сотталуы мүмкін

2018 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министр 2019 жылы түрмеден босатылды

 Халық үні 10.11.2023 | 15:53
photo © Sputnik / Болат Шайхинов

9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде болған жанжалдан кейін әйел адам қайтыс болды. Марқұм алған ауыр жарақат салдарынан көз жұмған.

Кейбір ақпарат көздері қайғылы жағдайдың Астанадағы «Bau» мейрамханасында болғанын, ұсталған күдіктінің экс-министр (2016 жылы Ұлттық экономика министрі болған) Қуандық Бишімбаев екенін жазды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов «Bau» мейрамханасында болған қайғылы жағдайға қатысты Ұлттық экономика министрі лауазымын атқарған Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Елордалық полиция департаменті мейрамханадағы адам өлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-тармағы бойынша тергелетінін мәлімдеді. Бұл бапта «Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату – сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген.

Еске салайық, Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға сотталған. Сот Бишімбаевты Қызылорда қаласында салынуға тиіс шыны зауытына бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды, пара алды деген баптар бойынша кінәлі деп тапқан. Бишімбаевпен бірге «Байтерек Development» АҚ лауазымды топ-менеджерлері, кәсіпкерлер, ұзын саны 22 адамға айып тағылған. 2018 жылдың 29-шы желтоқсанында Түркістан облысының Төле-би аудандық соты Бишімбаевты жалпы режимге ауыстырған болатын. Оған дейін экс-министр өзін қоныс колониясына аударуға өтініш жазған. Кейін Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесіне ауыстырылды.

2019 жылдың қарашасында 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден босап шықты. Экс-министрдің адвокаты Мәди Мырзағараев Бишімбаевтың  Шымкент қаласындағы ауданаралық сотқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде өтініш түсіргенін, оның арызы толық қанағаттандырылғанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама