Қайғылы оқиға салдарынан 14 адам көз жұмған
Бас прокуратура Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтап, биыл 27 қазанда сотқа жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
2023 жылғы 8 маусымда Абай облысы Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өрті тіркелді. Салдарынан 60 мың гектар орман қоры өртенді. «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза тапты, - деп жазылған құзырлы органның баспасөз қызметі тартатқан хабарламада.
Тергеп-тексеру барысында өрттің шығуына найзағайдың себеп болғаны анықталды.
Бұл нұсқа сарапшы, маман қорытындыларымен, фото/видео түсірілімдерімен, куәгерлердің айғақтары және қылмыстық істің басқа да құжаттарымен расталды. Өрт кезінде «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өздеріне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген. Салдарынан 14 адам көз жұмған, - деп жазылған хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметінше, «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалы басшылығының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3 бөлігімен сараланып, оларға «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Экология және Төтенше жағдайлар министрліктері лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Мамандардың қорытындылары алынған соң барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі, - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.