×

Абай облысындағы орман өрті: барлық басшының әрекетіне құқықтық баға беріледі

Қайғылы оқиға салдарынан 14 адам көз жұмған

 Дәурен Ерболат 10.11.2023 | 15:45
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Бас прокуратура Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтап, биыл 27 қазанда сотқа жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2023 жылғы 8 маусымда Абай облысы Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өрті тіркелді. Салдарынан 60 мың гектар орман қоры өртенді. «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза тапты, - деп жазылған құзырлы органның баспасөз қызметі тартатқан хабарламада.

Тергеп-тексеру барысында өрттің шығуына найзағайдың себеп болғаны анықталды.

Бұл нұсқа сарапшы, маман қорытындыларымен, фото/видео түсірілімдерімен, куәгерлердің айғақтары және қылмыстық істің басқа да құжаттарымен расталды. Өрт кезінде «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өздеріне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген. Салдарынан  14 адам көз жұмған, - деп жазылған хабарламада.

Бас прокуратураның мәліметінше, «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалы басшылығының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3 бөлігімен сараланып, оларға «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Экология және Төтенше жағдайлар министрліктері лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Мамандардың қорытындылары алынған соң барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі, - деп жазылған хабарламада.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама