Қайғылы жағдай 9 қарашада болған
9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде болған жанжалдан кейін әйел адам қайтыс болды. Марқұм алған ауыр жарақат салдарынан көз жұмған.
Елорда полициясы болған оқиғаны растады, бірақ күдіктінің аты-жөнін атамады. Күдікті қамауға алынып, тиісті сараптамалар тағайындалған.
Кейбір ақпарат көздері қайғылы жағдайдың Астанадағы «Bau» мейрамханасында болғанын, ұсталған күдіктінің экс-министр (2016 жылы Ұлттық экономика министрі болған) Қуандық Бишімбаев екенін жазды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов «Bau» мейрамханасында болған қайғылы жағдайға қатысты Ұлттық экономика министрі лауазымын атқарған Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Ол ұсталды. Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Қалғанына қатысты түсінік бере алмаймын. Жұмыс барысында сізге қосымша ақпарат беріледі, - деді Сәкен Сәрсенов.
Ішкі істер министрінің орынбасары экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтте оның есірткі қолданғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді.
Қазір бұған түсінік бере алмаймын. Жүргізіліп жатқан тергеуге байланысты мен ешқандай түсінік бере алмаймын, - деді ол.
Одан бөлек, Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны туралы ресми ақпараттың неге кеш берілгенін түсіндірді.
Біздің полиция департаменті бәріне бірдей ақпарат жіберді. Сондықтан (оның ұсталғанын, – авт.) біреуге растады, ал біреуге растамады деп айту дұрыс емес шығар, - деді министрдің орынбасары.
Еске салайық, Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға сотталған. Сот Бишімбаевты Қызылорда қаласында салынуға тиіс шыны зауытына бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды, пара алды деген баптар бойынша кінәлі деп тапқан. Бишімбаевпен бірге «Байтерек Development» АҚ лауазымды топ-менеджерлері, кәсіпкерлер, ұзын саны 22 адамға айып тағылған. 2018 жылдың 29-шы желтоқсанында Түркістан облысының Төле-би аудандық соты Бишімбаевты жалпы режимге ауыстырған болатын. Оған дейін экс-министр өзін қоныс колониясына аударуға өтініш жазған. Кейін Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесіне ауыстырылды.
2019 жылдың қарашасында 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден босап шықты. Экс-министрдің адвокаты Мәди Мырзағараев Бишімбаевтың Шымкент қаласындағы ауданаралық сотқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде өтініш түсіргенін, оның арызы толық қанағаттандырылғанын айтты.