Павлодарда жол апатынан 2 адам қайтыс болды

Динара Амантай

Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды

Фото: polisia.kz

Павлодар облысында бір күнде екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2 адам көз жұмды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 9 қарашада сағат 02:40-та Ақсу қаласы Абай – Молодежная көшелерінің қиылысында Renault Symbol көлігінің жүргізушісі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, Chevrolet Nexia көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Renault автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, онда жолаушы қайтыс болды.

Сол күні сағат 06:15-те Ақтоғай – Харьков автожолында ВАЗ-21134 автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кетті. Жол апатынан жүргізуші алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.

Жол-көлік оқиғасы фактілері бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Автокөліктер арнайы айыппұл тұрақтарына қойылды, – делінген Павлодар облысының ПД хабарламасында.

Айта кетсек, осы жылы облыс жолдарында 409 ЖКО тіркеліп, соның салдарынан 67 адам қаза тауып, 506 адам жарақат алған.