Halyq Uni логотип
×

Павлодар облысында 6 күн бұрын жоғалған қарт әйел іздестіріліп жатыр

Іздеу үшін ұшу аппараттары (дрондар) мен тікұшақ қолданылды

 Динара Амантай 10.11.2023 | 10:30
Павлодар облысында 6 күн бұрын жоғалған қарт әйел іздестіріліп жатыр
Фото: polisia.kz

Павлодар облысында амнезиямен ауыратын қарт әйел 6 күн бойы іздестіріліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Надежда Костынюк 1949 жылы туған. Ол 4 қарашада үйден шығып, әлі оралмаған. Қай жерде екені белгісіз. Әйел амнезиямен ауырады, яғни мезгіл-мезгіл есте сақтау қабілетін жоғалтады. Бұған дейін де үйден кетіп қалып жүрген.

4 қарашадан бастап полиция қызметкерлерінен басқа іздестіру іс-шараларына ТЖД қызметкерлері, кинологиялық қызмет, «Vita» еріктілері және ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Іздеу үшін ұшу аппараттары (дрондар) мен тікұшақ қолданылып жатыр, - деді Павлодар облысы Успен ауданы полиция бөлімінің бастығы Асқар Аралбаев.

Бұл аймақта Ресейге апаратын жолдар жақын, сондықтан полицейлер әйелді Павлодар облысынан тыс жерлерге шығуы мүмкін деп ойлайды. Әйелдің киімі: сары күрте, басында қызыл түсті, тоқылған қалпақ, резеңке галош.

Жоғалған Костынюк Надежда Ивановнаның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білген адамның полицияға 102 телефоны бойынша хабарлауы қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама