×

«Мектебімізде қазақ тіліне 75% басымдық берілген»: «Білім-инновация» қорына 30 жыл

Халықаралық қор құрамына Қазақстандағы 32 лицей, 8 жекеменшік мектеп және бір университет кіреді

 Гүлбаршын Нұрхан 09.11.2023 | 17:30
photo © Halyq Uni / Жансерік Күзембай

«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Қор басшылығы осыған орай журналистер мен блогерлерге арнап пресс-тур ұйымдастырды. Пресс-турда қорға кіретін ұйымдар туралы ақпарат беріліп, білім беру мекемелері таныстырылды.

«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры 1993 жылы құрылған. Бүгінде академиялық шеберлік, заманауи ұстаздарды жетілдіру, құндылықтарға негізделген білім беру, білім беру ұйымдарын тиімді басқару секілді бағыттарды қамтиды.

Қор басшысы Дархан Өте мекеменің осыған дейінгі атқарған жұмыстары мен алда жоспарланып отырған стратегиялық бағыттары жөнінде баяндап берді.

Біздің қорымыз 1993 жылы құрылды. Бірақ оған дейін 1992 тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы мен Тұрғыт Озалдың екеуара келісімі арқасында алғашқы лицейлер Алматыда, Көкшетауда және Түркістанда ашылды. Қазіргі уақытта 32 лицей, қорға қарасты 8 жекеменшік мектеп және бір оқу орны (СДУ) жұмыс істеп отыр, - дейді Дархан Өте.

Дархан Өтенің айтуынша, білім-инновациялық лицейлері ауылдық жерде тұратын балаларға оқуға мүмкіндік беріп отыр. Қазір лицейде оқитын оқушылардың шамамен 30 пайызы – ауыл балалары.

«Бұл лицейлер негізінен 7-11 сыныптар арасын қамтиды. 7-сыныпта біз бүкіл Қазақстан бойынша емтихан өткіземіз. Бұл емтиханның ерекшелігі балалардың зеректігін, интеллектуалды қабілетін, сауатты ойлай білу қабілеттерін тексереді. Бүкіл Қазақстанда – қала орталықтарында және ерекшелігі ауылды жердегі балаларға мүмкіндік беру үшін әрбір ауданға барып, емтихан өткіземіз. Осылайша емтиханға жыл сайын 30 мыңнан астам оқушы қатысады. Олардың ішінен тек 1800 оқушыны қабылдап аламыз. Ауыл мен қаланың алшақтығын жою мақсатында ауылдағы балаларға квота бөлеміз. Негізінен 10 пайыз ауыл балаларына және 15 пайыз осал топ иелеріне квота беріледі. Лицейде білім алып жатқандардың 30 пайызға жуығы ауыл балалары», - деді Дархан Өте.

Одан кейін NurOrda мектеп-лицейінің директоры Селман Шимшек журналистер мен блогерлерге оқу орнының ішін таныстырып, білім ордасының ерекшелігін айтып берді.

«NurOrda мектеп-лицейі 2007 жылы ашылды. Бұл – қордың алғашқы жекеменшік мектебі. Қазір жекеменшік мектептер арасында ең танымалы десек те болады. Бізде жылына шамамен 700-800 оқушы емтихан тапсырады. Қазақ тілі, ағылшын тілі және математика тереңдетіліп оқытылады. Мектебімізде қазақ тіліне 75 пайыз басымдық берілген. Жалпы әлем бойынша жоғары стандарттарға сай келетін 700 мектеп бар. Ал Қазақстанда 10-ға жуық мектеп сол стандартқа сай келеді. Солардың қатарына біз жақын арада енеміз деп жоспарлап отырмыз. Оған ену үшін қойылатын талаптар өте жоғары. Біз соның 90 пайызын орындадық. Енді қорытындысын күтіп отырмыз», - дейді мектеп директоры Селман Шимшек.

Қорға енетін келесі білім ордасы – Spectrum халықаралық мектебі. Мектеп директоры Ерхан Абдулдаев мұнда оқу маусымы 37 аптаға созылатынын айтты.

Біздің мектеп жергілікті және шетелдік азаматтар үшін жоғары білім беру стандартын ұсынады. Шамамен 28 ұлттың баласы оқиды. 14 елден мамандар келіп жұмыс істейді. 45 пайызы шетелдік мамандар.

Біздің мектептің айырмашылығы мемлекеттік мектептерде оқу маусымы 34 апта болса, бізде 37 апта. Демалыстар мен оқу кезеңі мемлекеттік мектептермен сәйкес келмеуі мүмкін. Біз сабағымызды тамыз айынан бастаймыз, - деді мектеп директоры.

Баспасөзге арналған турдың соңында дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты» ғимараты таныстырылды. Мектеп директоры Руслан Сихымбековтың айтуынша, бюджет қалалық білім бөлімінен қарастырылады. Дегенмен, осы мектепті бітірген түлектер қолдау көрсетіп, білім сапасын жақсартып, қоғамдық жұмыстарды дамытуға атсалысып келеді екен.

Келесі жылы біздің мектептің ашылғанына 30 жыл толады. Содан бері мектебімізді 1832 түлек тәмамдады. Түлектер қауымдастығы деген ұйым бар. Бітірген түлектер заңды өкіл ретінде есеп ашып, тұрақты түрде біздің мектептің жобаларына демеуші болады. Қосымша курстар мен түрлі жобаларға көмектеседі, - деді мектеп директоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама