×

Израиль мен Палестина қақтығысы: Қазақстандықтардың Мысырға саяхаты екі есе қысқарды

Туристерге ешқандай шектеу мен тыйым жоқ

 Айнұр Шошаева 09.11.2023 | 11:38
Коллажда пайдаланылған фотолар: AP Photo / Fatima Shbair; Freepik

Израиль мен Палестина арасындағы әскери қақтығыс басталғалы бері қазақстандықтардың Мысырға туристік жолдама сатып алуы екі есе қысқарған, деп хабарлайды Halyq Uni

«Туристік Қамқор» қорының жетекшісі Инна Рей Синай түбегінде болып жатқан қақтығыс қазақстандықтардың шетелдегі демалысына әсерін тигізгенін айтады.

Бұл жағдай сол өңірде демалғысы келетін көптеген турист үшін кедергі болып отыр. Алайда әуе қозғалысы мен  туристердің қозғалысын реттейтін ресми биліктің тарапынан өңірдегі жағдайға байланысты ешқандай шектеу мен тыйым салынған жоқ. Ресми билік жағдайды бақылауда ұстап отыр. Әскери қақтығыс біздің туристер демалатын жерден алшақ жерде жүріп жатыр. Дегенімен бұл жағдайдан кейін нарықта бұл өңірге деген сұраныс азайып, жолдама саны шамамен екі есеге қысқарды. Нақты Мысыр туралы айтып отырмын. Ахуалға қарамастан демалуға барғандар өздерінің алған әсерімен бөлісіп, алаңдауға еш себеп жоқ екенін айтып жатыр, - деді ол. 

Алдағы желтоқсан айында мереке көп. Бұл кезең туризмнің жоғары маусымына жатады. Қор басшысы бұл кезеңде шетелде демалуды жоспарлап отырған қазақстандықтарға бірнеше кеңес берді. 

«Туристік Қамқор» нақты бір бағытты таңда деп кеңес бере алмайды. Әр адам демалатын жерін өзінің қалауы бойынша таңдауға тиіс. Бірақ демалысқа шығатын кезде ең бірінші кезекте туристік кодтың барына көз жеткізуге кеңес береміз. Туркод болуы керек, әрі ол жалған емес, заңды екеніне көз жеткізіп алған абзал. Өйткені Жаңа жыл халық көп демалатын, әдемі жерде қарсы алуға тырысатын кез. Тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде жолаушылар ағының динамикасы артады. Бұл кезде түрле проблемаларға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтарымыз өздерінің елі қорғайтынын білуі керек. Бұл тек туристік код болса ғана мүмкін болады. Туристік код болса, көңілі қалаған, бағасын қалтасы көтеретін кез келген елде демала алады, - деп толықтырды сөзін. 

Сондай-ақ ол әлеуметтік желілердегі агенттердің қызметіне жүгініп, шетелге саяхаттауды жоспарлап отырған қазақстандықтарға ескерту жасады. Оның айтуынша, онлайн агенттерге алданып қалмаудың жолын атады. 

«Туристік Қамқор» сайтында кепілдік жүйесінде жұмыс істейтін туристік агенттердің тізімі бар. Сол тізімнен аталған агенттің бар-жоғын тексере алады. Егер ол агент тізімде болмаса, ол адамның қызметіне жүгінбеген жөн. Әдетте ондай агенттер туркод бермейді, бере қалған жағдайда оның заңды немесе заңсыз екенін тексеріп алу қажет. Әсіресе Жаңа жылдық мереке сияқты туризмнің жоғары маусымында қазақстандықтарды мұқият болуға шақырамыз. Саяхатқа аттанар кезде далада қалмайтынына сенімді болу керек. Бұл үшін туристік агент пен туристік кодты тексеріп алу жеткілікті, - деді Инна Рей.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама