Қазақстандық аудиторлар ЕАЭО нарығында жұмыс істей алады – Сенат
Депутаттар келісім мемлекет мүддесіне қайшы келмейтінін айтты
Cенаттың жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиында сенатор Серік Өтешов заңның талаптарын түсіндірді. Оның айтуынша, келісімге мемлекет басшылары 2022 жылдың 19 сәуірінде Мәскеу қаласында қол қойған.
«Келісім мақсаты – ЕАЭО-да аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру, қабылдаушы елде қосымша мекеме ашпастан, шектеулер мен ерекшеліктерсіз аудиторлық қызметтерді көрсету және алу, аудиторлардың біліктілік аттестаттары мен аудиторлық қорытындыларын өзара тану.
Келісім аудиторларға, аудиторлық ұйымдарға, аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқықтың туындауы мен тоқтатылуына, емтихандарға, сапаға сыртқы бақылауға және аудиторлық қызмет стандарттарына бірыңғай талаптарды айқындайды. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыру және реттеуге бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді», - деді депутат.
Сенат депутаты заң елдегі бизнестің мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бұл келісім бизнес мүмкіндіктерін, аудиторлық компаниялардың тиімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді және жалпы қызметтің дамуына ықпал етеді. Сонымен бірге, отандық аудиторлық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне әсер етеді.
Қазақстан үшін аудиторлық қызметті ішкі реттеудің кейбір ерекшеліктері келісімнің 32-бабында ескерілген. Бұл ерекшеліктер қазақстандық аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың құқықтарына қысым жасамауға мүмкіндік береді, - деді Серік Өтешов.
Келісім екі саты бойынша күшіне енеді:
Біріншіден, ратификациялаудан кейін одаққа мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметтердің бірыңғай нарығын құрудың ұйымдастыру мәселелеріне арналған баптар жұмыс істей бастайды;
Екіншіден, бірыңғай нарық аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді іске асыру үшін әзірленетін және одаққа мүше мемлекеттердің органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін айқындайтын аудит саласындағы әкімшілік ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан кейін, одақтың жоғары кеңесінің шешімімен айқындалған күннен бастап жұмыс істей бастайды.
Заңды ратификациялау Қазақстан үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді, - деді сенатор.
Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл келісім күшіне енсе, қазақстандық аудиторларға жаңа нарық ашылатынын атап өтті.
Біздің аудиторларға Еуразиялық экономикалық одағының нарығы ашылады. Осылайша, олар басқа мемлекеттерде жұмыс істей алады. Бұл біздің аудиторлық қауымдастықтың бәсекелестігін көтереді, - деді министр Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Дауыс беру нәтижесінде депутаттар заңды мақұлдады.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше 5 ел бар: Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения.