Қостанай облысында бұрынғы сүйіктісін ұрып өлтірген қаскөй сотталды
Ол әйелдің ауыр жағдайда жатқанына қарамастан, аяусыз зорлаған
Қостанай облысының Федоров ауданында өзінің сүйіктісін аяусыз зорлап, ұрып өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы massaget.kz хабарлады.
Жәбірленуші ер адаммен 2 ай бірге тұрған. Кейін онымен ары қарай бірге өмір сүре алмайтынын түсінген. Сөйтіп екеуі екі жаққа кеткен.
Бірақ біраз уақыттан кейін екеуі қайтадан кездескен. Әйел ер адам сыйлаған телефонды қайтармақ болған. Татуласамыз деп ойлаған күдікті алкоголь ала келген. Екеуі әңгімелесіп отырғанда қайтадан жанжалдасып, ер адам әйелді бірнеше рет жұдырығымен, металл затпен ұрған. Соның салдарынан жәбірленуші қаза тапқан.
Тіпті, ер адам әйелдің ауыр жағдайда жатқанына қарамастан, оны аяусыз зорлаған. Артынша ештеңе болмағандай ұйықтап қалған. Таңертең ол жәбірленушінің ес-түссіз жатқанын бір-ақ көрген. Сол кезде ғана танысына хабарласып, оған полицияға телефон шалдыртқан.
Жәбірленуші тарап күдіктіні максималды жылға соттауды сұраған. Қылмыстың ауырлығы ескеріліп, ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 3 миллион теңге көлемінде моралдық шығын төлеуге міндеттелді.