Бес мыңнан астам адамның 30 млрд теңгесін қайтармаған әйелдің есімі Мәжіліс мінберінде аталды
Дәулет Мұқаев Қазақстанда алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың көбейіп бара жатқанын айтты
Қазақстандықтар шетелден арзан тауар әкеліп беремін деген адамға сеніп, 30 млрд теңгесін берген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Дәулет Мұқаев депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
«Елімізде интернет алаяқтықпен айналысатын адамдардың саны азаяр емес. Былтыр 20 444 дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңге залал келген. Биыл 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, залал сомасы 11 млрд теңгеден асты. Олардың құрбаны – көбінесе үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер», - деді Дәулет Мұқаев.
Депутат бүгінде интернет алаяқтықтың жаңа түрі шыққанын жеткізді.
Соңғы уақытта «Байер» арқылы адамдарды алдау шықты. «Байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арнайы арзан тауар жеткізушілер көбейді. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі халықты алдап жүр, - деді Дәулет Мұқаев.
Депутат халықты алдаған адамның атын атады.
Қазір байытамын деген «байерлерге» барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүрміз. Солардың бірі ел арасында Айс Мұратова деген атпен танымал – Арайлым.
Соңғы 2 жылда ол халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқ жіберемін деген әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, қол астында заңды жұмысшылары барын айтып елді сендіріп келген. Төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карталық шотқа аудару арқылы жіберуді сұраған, - деді депутат.
Дәулет Мұқаевтың айтуынша, қазақстандықтар оған 30 млрд теңге берген.
«Рас, басында аз-маз ақшаға қажет тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған. Желідегі ақпарат бойынша еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан аса адамнан жалпы сомасы 30 млрд теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен.
Енді сауда жасап күн көрмекші болған азаматтар «Тауар да жоқ. Ақшамызды да қайтармады. Шағым түсірсек те бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпады» дейді. Алданғандар арасында абысындарымен бірге үйіне әдемі ыдыс алғысы келгендер, тіпті ірі кәсіпкерлер ретінде тіркелген саудагерлер де бар», - деді ол.
Депутат Бас прокурордан істі жеке бақылауына алуын сұрады.
«Құрметті Берік Ноғайұлы, бұл мәселе күннен күнге ушығып барады. Алданған отбасылардың жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема қаржы пирамидасына қатты ұқсайды.
Мен әкелген папкада аударылған ақша қатысты барлық мәлімет бар. Сенесіздер ме? Мұндай 3 пакет папка бар. Сондағы ақшаны санаса, 30 млрд теңгеден асады. Бұл – оншақты мектеп салатын ақша.
Сондықтан жоғарыда айтылған мәселелерді ескеріп, тергеуді әділ жүргізіп, іске қатысы бар барлық адамға тиісті жаза қолдану керек. Себебі, алданған адамдар тергеудің әділетті өтетініне сенбей, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан бұл мәселені өзіңіздің жеке бақылауыңызға алуды сұраймын», - деді Дәулет Мұқаев.