Алматы облысында 4 айда 200-ден астам жасөспірім қыз жүкті болып қалған
Олардың жасы 15-17 аралығында
Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Елдар Сапаров 1 мамырға дейін өңірде 204 жасөспірім қыз жүкті болғанын айтты.
Биыл 1 мамырға дейін облыста 204 қыз бала жүкті болған. Олар 15-17 жаста. Ал былтырғы 1 мамырдағы көрсеткіш бойынша олардың саны 228 жеткен. Жүкті болған қыздардың басым бөлігі - колледжде оқитындар, - деді Елдар Сапаров.
Мұндай өкінішті статистика бүгін дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі және жастар саясаты мәселелері жөнінде тұрақты комиссияның отырысында айтылды.
Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2021 жылы Алматы облысында NЕЕT санатындағы жастар саны 21 560 адамға жеткен. Олардың білімі жоқ. Еш жерге жұмысқа орналаспаған.
«Қазір осындай жастарды жұмыспен қамту үшін түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, Zhas project жобасы бар. Аталған жобаны іске асыру үшін республика бойынша 380,7 млн теңге бөлінді. 4 өңірде жалпы 250 шағын грант көзделген, оның ішінде Алматы облысына 63 жобаның әрқайсысына 1 млн теңгеден қарастырылған. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады», - деп толықтырды ол.
Айта кетейік, жалпы Алматы облысында 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны - 391 016. Оның ішінде ауылдық жерлерде - 311 508, қалада - 79 508 жас бар.