Абай облысында ел тарихындағы ең ірі өрт болып, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылған еді
«Семей орманы» резерватында орманды өртеуге арналған құралдар табылды. Бұл жайтқа қатысты Бас прокуратура мен қорық әкімшілігі түсінік берді.
Кейбір БАҚ-та «Семей Орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесінің орман алқабын өртеуге арналған құралдардың суреттері жарияланған. Нақты айтқанда, қорықтағы қарағайлардың астынан шоқ ағашынан жасалған өрт ошақтары мен көліктердің дөңгелектері табылғаны туралы ақпарат белгілі болды. Жергілікті тұрғындар бұл тағы бір өртке дайындық болуы мүмкін деп отыр.
Мемлекеттік инспекторлардың патрульдік іс-шаралары барысында бұл факті анықталды. Оқиға орнына жедел топ шығып, фото-бейне жазбалар түсіріп, хаттама жасалып, осы әрекетті жасағандарды анықтау және одан әрі процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді.
Осыған ұқсас факті Семей бөлімшесінің Краснокордон орман шаруашылығының №1 учаскесінде мемлекеттік инспекторлармен жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында анықталып, қорытындысы бойынша хаттама жасалып, ол материалдар да процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді», – делінген «Семей орманы» әкімшілігің түсіндемесінде.
Сондай-ақ олар мемлекеттік инспекторлардың қоршаған ортаны қорғау және сақтау мақсатында, оның ішінде демалыс және мереке күндерінде күн сайын патрульдік және рейдтік іс-шаралар жүргізетінін ескертті.
Құрметті Семей қаласының тұрғындары! Осындай фактілерді анықтасаңыз, анықтама телефонына хабарласуыңызды сұраймыз: 8 775 138 8877, – деп қосты әкімшілік қызметкерлері.
Еске сала кетсек, 8 маусымда Абай ауданында өрт басталып, оның аумағы 0,3 гектардан 60 мың гектарға жайылған болатын. Соның салдарынан «Семей орманы» РМК Новошульбі филиалының 15 қызметкері қаза тапты. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Абай облысында ел тарихындағы ең ірі өрттен кейін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Адамдардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.